Жанар-жағармайды шекара асырмақ болғандар ұсталды

Павлодар облысында 480 тонна АИ-92 маркалы жанар майды теміржол тасымалы арқылы көрші Ресей Федерациясына өткізбек болған.

Тергеу барысында цистерналарға құйылған бензиннің ерітінді деп көрсетілгені анықталды. Алаяқтардың заңсыз әрекеті  жүзеге аспады. Контрабандаға қарсы күрес қызметі 2,8 миллиард теңгенің келісімін бұзды. Аталған дәйекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

ДӘРІ-ДӘРМЕК ТИЕГЕН КӨЛІК ЖАНЫП КЕТТІ

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Самал елді-мекенінде дәрі-дәрмек тиеген жүк көлігі жанып кетті. «Газель» машинасына газ қондырғысы орнатылған екен. 21 жастағы жүргізушісі дін аман. Қазір өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.

ЖҰМЫСШЫЛАРҒА  ЖҰДЫРЫҚ ЖҰМСАҒАН

Ақтауда араққа тойып алған жергілікті тұрғынның бірі жол жөндеп жатқан жұмысшыларға жұдырық жұмсаған. Айтуынша, олар үйіне баратын жолды жауып тастапты. Осылайша асфальт төсеп жатқандарға кедергі келтірген. Оларға тіпті, жұмысты тастап қашуға тура келген. Оқиға орнына учаскелік инспектор жетіп, басбұзарды жөнге салды.

ІШІМДІК ІШКЕН ТҰТЫЛАДЫ

Павлодарда жол сақшылары мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушіні ұстады. Ол ішімдік ішкенін мойындамай, полицияға қарсылық көрсеткен. Қымыз бен квас іштім деп ақталады. Алайда медициналық куәландыру нәтижесі оның мас екенін дәлелдеп берді. Жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

КӘМПИТ ҰРЫСЫ ҰСТАЛДЫ

Нұр-Сұлтан қаласындағы жанар-жағармай бекетінің бірінде 24 жасар азамат кәмпит ұрлап, қолға түсті. Оның қымбат шоколадты киімінің ішіне тығып жатқаны бейнекамераға түсіп қалған. Осылайша күдікті 14 қорапты қолды қылыпты. Келтірілген шығын көлемі – 38 мың теңге. Қазір ол қамауға алынды, осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бары анықталып жатыр. Күдікті бұған дейін де істі болған екен.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖОҒАЛҒАН БАЛА ТАБЫЛДЫ

Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Ажар ауылында жоғалып кеткен 12 жасар бала табылды. Ол қой жайып жүріп алысқа ұзап кеткен. Полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындарымен бірге іздеу жұмыстарын жүргізіп, аудан орталығынан 210 шақырым жерден табады. Баланың денсаулығы жақсы, ата-анасына тапсырылды.

Сондай-ақ...