Шымкентте банк қызметкері клиенттің атынан 605 000 теңге несие рәсімдеп алған

Банк қызметкері азаматшаға 300 000 теңге несиеге рұқсат бергенін айтқан және қолына бірде-бір құжат бермеген, деп хабарлайды «Хабар 24».  Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы полиция басқармасына Түркістан облысының тұрғыны арызданған. Жәбірленуші Шымкентте орналасқан тұрмыстық техника сататын дүкендердің біріне барғанын айтты.

Айтуынша, таңдаған техникасын несиеге рәсімдеу кезінде банк қызметкері оған банк 300 000 теңгенің несиесіне ғана рұқсат бергенін айтты және қолына бірде-бір құжат берілмеген.

Уақыт өтіп, несие төлемін жасамақшы болған жәбірленуші банк қызметкерінің өзінің сыртынан 605 000 теңгеге несие рәсімдегенін біліп, полицияға жүгінді.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 190 бабы алаяқтық дерегі бойынша тіркеп, жедел-іздестіру шараларына кірісті. Банк қызметкері ұсталды. Қазір оған қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.