Ақмола облысында жұмысшы экскаватор шөмішінің астында қалып, көз жұмды

Қайғылы жағдай жеке өндіріс орнында, жөндеу жұмыстары кезінде болған, деп хабарлайды «Хабар 24» облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше сағат 14:48-де Ақкөл аудандық ПБ кезекші бөліміне аудандық аурухананың дәрігері хабарласып, жедел жәрдем көлігінде ауруханаға алып келе жатқан жұмысшы көз жұмғанын айтты. «Қайғылы жағдай жөндеу жұмыстары кезінде болған. Жеке өндіріс орнында жұмыс істейтін 52 жастағы жұмысшыны экскаватор шөміші басып қалған», - делінген ведомствода. Қазіргі кезде осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 156 бабының 3 бөлігі «еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ сот-медициналық сараптама тағайындалды.