Қарағандыда сәбиді сүйреген балабақша қызметкері жұмыстан өз еркімен кетті

Қарағандыда сәбиді ішке сүйреп кіргізген балабақша тәрбиешісінің көмекшісі жұмыстан өз еркімен кету туралы өтініш жазды.

Ал бүлдіршін ата-анасының персоналға қатысты еш шағымы жоқ екені мәлім болды.

Еске салсақ, әлеуметтік желіні кезіп кеткен бұл бейнежазба қазан айының жетісінде түсірілген екен. Бұл жәйтқа қатысты қоғам пікірі де қақ жарылған. Алғашқылары бұл өте өрескел екенін айтса, кейінгілері «тәрбиешіні түтіп жейтіндей ештеңе жоқ» деген сыңайда пікір қалдырған. Қарағанды қаласының білім бөлімі қазір балабақшада қызметтік тексеру басталғанын хабарлады. Жеке меншік балабақшада мемлекеттік тапсырыс аясында 300-ге жуық бала тәрбиеленетін көрінеді. Мұнда бұрын-соңды мұндай өрескел жағдай тіркелмеген.

Наталья Головина, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары: 

- Балабақшада бейнебақылау камералары қойылған. Жазбалар үш айға дейін сақталады. Бірақ болған жайтты куәгерлердің бірі ұялы телефонға түсірген. Оны әлеуметтік желіге жүктеген күні ғана білдік. Баланың ата-анасы да осы күнге дейін бейхабар болған. Бірақ олар полицияға шағымданған жоқ. Қыздың анасы мұндай жағдай қайталанбас үшін балабақша әкімшілігімен сөйлесуімізді ғана сұрады. Қазір бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр.