Ауа райының қолайсыздығынан елорда жолшылары кірпік ілместен қызмет етті

Шаһарда түнімен қар жауып, көлік жүрісі қиындады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ал бүгін таңертең Нұрсұлтан қаласында 4 сыныпқа дейінгі оқушыларға сабақ болған жоқ. Оқушылар қашықтан оқып жатыр.  Елорданың өзінде коммуналдық қызмет түнімен кірпік ілген жоқ. Жолды әлі де аршып жатыр. Көктайғақ болғандықтан қазір көлікке де, жаяу жүргіншіге де қауіп көп. Кешегі тәуліктің өзінде қалада 70-тен астам жолкөлік оқиғасы тіркелген болатын. Бүгін де республикамыздың басым бөлігінде қар жауады. «Өйткені Қазақстанның көп аумағы әлі де Атлантикалық циклонның ықпалында»,–дейді Қазгидромет. Әсіресе шығыс өңірлерінде жауын-шашын болады. Елдің бірқатар аумағында күшті жел тұрып, бұрқасын соғады,тұман түседі. Көктайғақ болады. Тек республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жауын-шашын жаумайды.