434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Нұр-Сұлтан қаласында есірткі сатқан төрт интернет дүкен анықталды

  • 60
  • UPD: 11:01, 23.11.2021

Жасырын электронды сауда алаңдарының әкімшісі 23 жасар елорда тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол қаладағы Жангелдин, Желтоқсан көшелерінің қиылысында ұсталған. Тінту барысында күдіктінің үйінен 64 орама мефедрон, 28 дайын таблетка, 10 миллион тенге, 23 мың АҚШ доллары, басқа да айғақ заттар тәркіленген. Арнайы операция нәтижесінде күдіктінің сыбайласы да сол күні қолға түсті. Олардан барлығынан 200 дана синтетикалық улы зат алынды. Сембинов көшесіндегі үйдің ауласында есірткі жасыратын бес құпия орын анықталды. Заң бойынша күдіктілер 10 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

СЕКСЕУІЛМЕН ҰСТАЛДЫ

Жамбыл облысында сексеуіл тиелген УАЗ көлігі ұсталды. Бұл оқиға Сарысу ауданының Жайлаукөл ауылынан 25 шақырым жерде болған. «Браконьер» іс-шарасы барысында жапан далада тоқтатылған көліктен  Қызыл кітапқа енгізілген бір текше метр сексеуіл алынды. Көлік иесі 42 жастағы жергілікті тұрғын екен. Ол өзінің заңсыз іс-әрекетін мойындап отыр. Қылмыстық кодекстің 339 бабы бойынша мемлекеттік қорғауға алынған өсімдікті отағаны үшін оған 3 жылға дейін бостандығын шектеу жазасы қолданылуы мүмкін.

МАС КҮЙІНДЕ КӨЛІК ЖҮРГІЗГЕН

Павлодар облысының Шалдай ауылының 62 жастағы тұрғыны мас күйінде рөлге отырып, көлік айдаған. Медициналық тексеріс оның ішімдік ішкенін растады. Сондай-ақ автокөліктің Қазақстан Республикасында тіркелмегендігі мәлім болды. Мұның алдында ол үйінде дау-жанжал шығарып, бірге тұратын әйелге балағат сөздер айтқан. Сол үшін учаскелік инспектор әкімшілік хаттама толтырған болатын. Енді мас күйінде көлік басқарғаны үшін тағы жауапкершілікке тартылады.

ШІРКЕУДЕН АҚША ҰРЛАНДЫ

Нұр-Сұлтан қаласындағы шіркеуден 170 мың тенге ұрланды. Осыншама ақшаны ұрылар қайыр-садақа жәшігінен алып кетіпті. Күдіктілер түн жарымында қоршаудан секіріп, кіре берістің терезесін сындырып ішке кірген. Сосын алты жәшікті бұзып ашып, ішіндегісін үптеп кеткен. Полиция қызметкерлері ұрлықшыларды тәулік ішінде ұстады. Қос күдіктінің біреуі бұдан бұрын шіркеуде күзетші болып істеген екен. Олар қылмыстарын мойындады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

КӘНІГІ ҰРЛЫҚШЫ ҰСТАЛДЫ

Ал Алматы облысында бір дүкенді бір емес төрт рет үптеп кеткен кәнігі ұрлықшы ұсталды. Соңғысында сауда ойын-сауық орталығынан 240 мың теңгеге бағаланған ұялы телефон аксесуарларын алып кеткен. Ол керекті заттарын қалтасына басып, касса жанынан білдіртпей өтіп кетеді екен. Осылайша ол осы сауда орталығына төрт рет «жиендік» жасаған. Кейін бейнежазба арқылы күдіктінің түр-түсі анықталып, көп ұзамай қолға түсті. Қолды қылған тауарларының жалпы сомасы 426 мың тенгені құрады. Оның бәрін сатып үлгеріпті. Қазір оның басқа да осы тектес қылмыстарға қаншалықты қатысы бар екендігі тексеріліп жатыр.

 

Хабар 24 телеарнасы