Қарағанды облысында дауылды желден су станциясында апат болды

Бүгін таңертең Қарағанды мен Теміртау қалаларының және Ақтас кентінің бірқатар ауданы ауыз сусыз қалды.

Күшті жел салдарынан су сору станциясында электр желілері үзілген. Таңғы сағат 04:30-дан бастап «Қарағанды су» мекемесінің энергетиктер бригадасы ақау шыққан аумақта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта №3 жылу энергия орталығы мен Қарағанды қаласына су жіберу тораптарының электр жүйесі қайта іске қосылды. Ал Сұрыптау станциясы, Пришахтинск және Теміртаудағы үйлерге үшінші насосты станцияның негізгі коллекторы қалпына келтірілгеннен кейін су беріледі. Бұған дейін Ақтас кентімен Қарағанды қаласының бірқатар ауданында құбырларды жаңартуға байланысты су болмайтыны жайлы хабарланған.  Алайда дәл осы құбыр бойынан ақау шығып суды шұғыл тоқтатқан.

Кенжан Дауылбаев, «Қарағанды су» ЖШС Бас директорының орынбасары:

- Барлық ақаулар бүгін толығымен жөнделеді. Бұл қала мен Ақтас кентіне су жіберетін негізгі торап. Ал насосты станция мен су тарату агрегаттарындағы электр желілері қайта іске қосылды. Онда біздің бригадалар әлі жұмыс істеді.