Қызылордада қылмыс әлемінің серкесі ұсталды

Қызылордада қылмыс әлемінің серкесі ұсталды.

Бір күн бұрын қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын шағымданып, оны белгісіз біреулер ұрып-соғып, көлігін тартып алғандығын айтқан. Жедел-іздестіру жүмыстарының нәтижесінде тәулік ішінде күдіктілер қолға түсті. Олар із жасыру үшін көлікті өртеп жіберіпті. Тергеу барысында күдіктілердің бірі қылмыс әлемінің серкесі екендігі мәлім болды. Ол бұдан бұрын да бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазір екеуі де уақытша ұстау изоляторында отыр.

ҰНТАҚ ҚОСПА ҰРЛАНДЫ

Жамбыл облысындағы бір серіктестіктің аумағында тұрған вагондардан 484 қапшық натрий триполифосфаты ұрланған. Бұл ұнтақ әдетте жуғыш заттар, тағам қоспасы ретінде қолданылады. Жалпы салмағы 12 тоннадан астам натрий триполифосфатты белгісіз біреулер бір аптаның ішінде жымықырып кеткен. Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде осы қылымысқа қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталды. Оның бірі – Тараз қаласының, екіншісі – Жамбыл ауданының тұрғыны. Қазір сот алды тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Заң бойынша олар 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

АҚША САЛЫНҒАН КЕЙСТІ ҰМЫТЫП КЕТКЕН  

Нұр-Сұлтан қаласында таңғы сағат он кезіне таман көшеде өтіп бара жатқан адамдар сауда үйінің қасындағы терминалдың алдында пластмасс кейс тұрғандығын байқаған. Бірден 102 операторына хабарлапты. Полиция қызметкерлері оны ақша салынған кассета екендігін анықтаған. Кейін белгілі болғандай, кейсті инкассаторлар сол жерде ұмыт қалдырыпты. Ішінде 209 мың тенге бар екен. Сөйтіп қарапайым тұрғындардың азаматтық ұстанымдарының арқасында абайсызда жоғалтқан ақшалары иелеріне қайтарылды.

БОРАНДА ҚАЛҒАН БАҚТАШЫЛАР ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Шығыс Қазақстан облысында боранды күнге қарамастан екі ер адам атпен жолға шыққан. Олар Ұлан ауданының қыстағына барыпты. Алайда ақ түтек боран күш алып кеткендіктен кері қайта алмай қалған. Сондықтан құтқарушыларды шақырған. Жер бедерінің күрделілігі, қараңғы уақыт пен қатты соққан боран жағдайды ушықтырды. Жедел-құтқарушылар тобына оқиға орнына тек арнайы «Трэкол» жол талғамайтын көлігімен ғана жетуге мүмкіндігі болды. Абырой болғанда, бәрі сәтті аяқталып, бақташылар аман-сау қалаға жеткізілді.