Өскемен тұрғыны 7 мың доллар тұратын асыл тұқымды жылқыны атып алды

Өскемен қаласының 40 жастағы тұрғыны жол шетінде иесіз жайылып жүрген жылқыны атып алған. Ұрлықшының сорына қарай, ол жәй жылқы емес, асыл тұқымды болып шықты. Бағасы 7 мың АҚШ доллары тұрады екен. Етін бөлшектеп үлгіре алмаған. Тап келген полиция қызметкерлерінен «Тойота Ланд Крузер» көлігімен қашып құтылмақ болады. Бірақ алысқа ұзамай қолға түсті. Көлігінен оғымен бірге 12-калибрлі мылтық тәркіленді. Оқиға орынында қалған жылқы еті де нақты айғақ. Күдікті сот шешімімен қамауға алынды. Егер ол кінәлі деп танылса, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Өскемен қаласының тұрғыны үйінде есірткі сақтаған

Полиция қызметкерлеріне осындай хабар келіп түсті. Тінту барысында 45 жастағы облыс орталығы тұрғынының қорасынан судыр пакетке оралған қоңыр түсті ұнтақ табылған. Сараптама қорытындысында ол кептірілген марихуана болып шықты. Жалпы салмағы 211,95 грамм. Қазір «ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау» бабы бойынша сот алды тергеу жұмыстары жүріп жатыр. 

20 келі есірткіні ара ұяларын тасымалдауға арналған арбаға жасырған

Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны 20 келі есірткіні ара ұясын тасымалдауға арналған арбаға жасырған. Бұл жәйт полиция қызметкерлерінің жүргізген іс-шарасы барысында анықталды. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі зат марихуана болып шықты. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бүгінде облысқа есірткі заттарын жеткізу арналары анықталып жатыр.

Нұр-Сұлтанда біреу дүкен сөресінде тұрған дыбыс ұлғайтқыш колонканы жымқырып кетті

Нұр-Сұлтан қаласында біреу дүкен сөресінде тұрған дыбыс ұлғайтқыш колонканы жымқырып кеткен. Ол кешқұрым сауда үйінде барып, қарапайым тұтынушы кейпінде электронды техниканы қарап жүрген сияқты болған. Бір мезетте көз ала беріп, ықшамды колонканы қойнына тығып алыпты. Сосын асығыс дүкеннен кете барады. Есіл аудандық криминалды полиция қызметкерлері жүргізген шұғыл іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті қолға түсті. Ол 24 жасар елорда тұрғыны екен. Қазір оның осындай басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Ақтөбе облысы тұрғынынан суық қару арсеналы тәркіленді

Ақтөбе қаласы тұрғынының автокөлігі қару қоймасы дерсің. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел шара барысында Жаңақоныс ауылының маңында ресейлік тіркеуде тұрған ВАЗ-2199 автокөлігі тоқтатылған. Машина ішінде 18 жасар жүргізушімен бірге 25 жастағы екі жолаушы болған. Тексере келгенде алдыңғы орындықтың астынан қос ауызды шолақ мылтық табылды. Ал артқы орындықтың астынан қос ауызды аңшы мылтығы мен 6 оқ, екі пышақ алынды. Оның үстіне жүргізуші есірткіге еліріп алған. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Енді тәртіп сақшылары оларға осыншама қарудың неге қажет болғандығын анықтап жатыр.