Өз баласын өзгеге берген Жамбыл тұрғыны анықталды

Жамбыл облысының тұрғыны үш жыл бұрын туған баласын өзге адамдарға беріп жіберген, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұл жәйт полиция қызметкерлері жүргізген «Стоп-трафик» жедел- алдын алу іс-шарасы барысында анықталды. Кейін белгілі болғандай, 22 жастағы әйел жаңа туған қызылшақаны басқа адамдардың қолына ұстатып жіберген. Безбүйрек ана кінәсін мойындап отыр. Қазір бұл оқиға бойынша сот алды тергеу жүмыстары жүріп жатыр. 

ТҮНДЕ ЖОРЫТҚАН БАРЫМТАШЫЛАР ҰСТАЛДЫ

Шығыс Қазақстан облысында мал ұрлығын кәсіп еткен қылмыстық топ ұсталды. 46,40 және 23 жастағы ер адамдар соңғы екі жылдың ішінде 14 бас жылқыны қолды қылған. Және олар аңдып жүріп, жайылымнан айдап кетіп отырған. Мал иесіне келтірілген шығын шамамен 5 миллион тенге деп бағаланды. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде өзгенің ақ адал малына құныққандар қолға түсті. Күдіктілердің бірінің қыстағынан айғақ заттар, жылқының терісі мен тұяғы табылды. Қазір үшеуі де сот шешімімен қамауға алынды. Енді олар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.    

КҮШ КӨРСЕТІП, АҚШАСЫН ТАРТЫП АЛҒАН

Тараз қаласының тұрғынына қарақшылық шабуыл жасалды. Үйіне заңсыз кірген белгісіз біреу оны соққыға жығып, ақшасын алып кеткен. Бұл оқиға тапа-тал түсте болған. Қарақшының қолды қылған ақшасы да қомақты, 900 мың тенге және 140 доллар. Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Тұрар Рысқұлов ауданының 39 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.  Ол кінәсін толық мойындады. Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

ҚАРУ- ЖАРАҚ ҚОЙМАСЫ ТАБЫЛДЫ

Жамбыл облысында ауыл түрғынынан қару-жарақ қоймасы табылды. Бірнеше мылтық, калашников автоматы және оған оқ дәрілерді ол үй ауласындағы шаруашылық қоражайында сақтапты. Күдікті өз кінәсін мойындап отыр. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Қарудың барлығы сараптамаға жіберілді. Олардың бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар жоғы тексеріледі.

ЖЕҢГЕТАЙЛЫҚПЕН АЙНАЛЫСҚАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

«Стоп-трафик» жедел алдын алу іс-шарасы Түркістан облысында да өтіп жатыр. Кезекті бір рейд кезінде Сарығаш қаласында заңсыз жеңгетайлықпен айналысу жәйті анықталды. Осындай айыппен жергілікті қонақ үй әкімшісі ұсталды. Ол клиенттерін жеңіл жүрісті қыздармен табыстырып отырған. Жалпы осы шара барысында жезөкшелікпен айналысқан он қыз арнайы есепке алынды. Ал жеңгетайға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.