Павлодарда вакцинация паспортын сатқан медбике ұсталды

Павлодарда медицина қызметкерінің коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация паспортын сатқаны белгілі болды.

Медбике  жергілікті емханалардың бірінде жұмыс істейді екен. Облыстық полиция департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, ол бірнеше адамға екпе салдырды деген жалған құжат жасағаны үшін 160 мың теңге сыйақы алған. Бұл Павлодарда тіркеліп отырған алғашқы жағдай емес. Үстіміздегі жылдың шілде айында аймақтық полиция департаменті мен ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп, вакцина құжатын жасаумен жүйелі түрде айналысқан медицина қызметкерлерін ұстаған болатын. Олар 200-ден аса адамға екпе салынды деп, жалған құжат берген.

Жанар Белялова, облыстық  полиция департаментінің ресми өкілі:

- ҚР ҚК 247-бабы заңсыз сыйақы алу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұлтартпау шарасы келу міндеттемесі таңдалды.