Елордадағы хайуанаттар салонынан құны 17 млн болатын есірткі тәркіленді

Нұр-Сұлтан полицейлері есірткі сатумен айналысқан 6 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды «Хабар 24» Polisia.kz.-ке сілтеме жасап.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу кезінде сатуға дайын каннабис тобының есірткі құралдарын тауып, тәркіледі. Салмағы 11,5 келі есірткінің негізгі партиясы қылмыстық топтың ұйымдастырушысының әйеліне тиесілі зоосалоннан табылған.

Күдіктілер есірткіні оқшаулау орналасқан отбасылық бизнес нысанына жасыра отырып, тінту болған жағдайда қызметтік иттерді иістен жаңылдыру үшін есірткі сөмкелерді жануарларға арналған жеп-шөптің арасына тыққан. Қылмыстық бизнесті ұйымдастырушы каннабис тобының есірткілерін Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен партиялармен тасыған. Есірткіні сақтап, буып-түйіп, топ мүшелеріне табыстап отырған. Сөйтіп гашишты сатумен айналысқан. Өткізілген арнайы іс-шаралардың нәтижесінде шамамен 17 млн теңге сомасына 2,5 мың доза гашиш заңсыз айналымға жіберілген жоқ.

Ішкі істер министрлігі мамандарының мәлімдеуінше, гашиштің аса ірі мөлшерде салмағы 200 граммнан асса, тағайындалатын жаза да жеңіл болмайды. Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қылмыстық топтың барлық қатысушылары ұсталды, ҚР Қылмыстық кодектсің 297 бабы 3 бөлігі, яғни «Есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша аса ірі мөлшерде жөнелту немесе өткізу» дерегімен сотқа дейінгі тергеу басталды.