476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматы облысында жеке балабақшада төрт жасар қыз көз жұмды

  • 339
  • UPD: 13:04, 29.11.2021
Алматы облысында жеке балабақшада төрт жасар қыз көз жұмды NUR.KZ

Талғар ауданындағы «Бүлдіршін» жеке балабақшасының тәрбиеленушісі түскі ұйқыдан оянбай қалған, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ал Талғар ауданының әкімдігі балабақшада болған қайғылы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.

Олардың хабарлауынша, қайғылы оқиға «Талғар-Нұрәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Бүлдіршін» балабақшасында болған.

«Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, 26 қараша сағат 15.20 шамасында бала түскі ұйқыдан оянбаған. Олар жедел жәрдем шақырып, қыздың ата-анасына хабарын берген», - дейді әкімдіктегілер.

Балабақшаға дереу дәрігерлер бригадасы жеткен.

«Алдын ала мәлімет бойынша баланың тамағынан қатты зат табылған. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр», - делінген хабарламада. Оқиға орнына аудан әкімінің орынбасары мен білім бөлімінің жетекшісі барады.

Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, «Бүлдіршін» балабақшасы 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Көз жұмған қыз өткен жылдың 8 қарашасынан балабақшаға барып жүрген.

Алматы облысының полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғаған.

«Сот-медициналық сараптама кезінде қыздың тамағынан қатты пластмасса зат табылды. «Балалардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісті деңгейде орындамау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деп түсіндірді полицейлер.

Баланың өлiмiне кiнәлiлер бес жылға бас бостандығынан шектелуі немесе айырылуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы