Ақтауда салынып жатқан тұрғын үй кешенінен өрт шықты

Тілсіз жау тапа тал түсте тұтанып, ғимараттың алдыңғы бетін шарпыған, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдайлар қызметкерлері қызыл жалынды 40 минутта сөндірді. Олардың мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.

Жер үй өрттенді

Алматы қаласында үй өртенді. Оқыс оқиға Түрксіб ауданында болған. Өрт сөндірушілер келгенде қора-қопсы мен монша жанып, от үйдің шатырын шарпып үлгерген. Төтенше жағдайлар қызметкерлері өртті жарты сағатта сөндірді. Зардап шеккендер жоқ.

Жалған есеп әшкереленді

Қарағанды облысында жалған шот-фактура жасаумен айналысқан кәсіпкер ұсталды. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, ол атқарылмаған жұмыстар үшін құжат рәсімдеп, оны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Күдікті әр келісім-шарттан 3 процент пайда көрген. Оңай жолмен олжалы болған әккі азаматтың бұл әрекеті мемлекетке 300 млн теңге шығын әкелді.

Жеңіл жүрісті әйелдер ұсталды

Атырауда жеңіл жүрісті 16 әйел есепке алынды. Қалада желтоқсанның бірі «Стоп-Трафик» жедел-алдын алу шарасы аяқталды. Оның қорытындысы бойынша, жезөкшелік қызмет көрсетілген бір орын әшкереленді. Ұсталған адамдарға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді.

Бұзақы 10 тәулікке қамалды

Қарағандыда тұрғын үй кешенінің лифтін бұзған ер адам 10 тәулікке қамалды. Оның бейәдеп әрекеті камераға түсіп қалған. Оған қарағанда, лифт тоқтап қалған. Сол кезде жігіттің жүйкесі сыр берсе керек, ол жөндеуші мамандарды күтудің орнына есікті аяғымен теуіп сындырды.