Өскеменде өрттен 30 адам құтқарылды

Өскеменде пәтер өртеніп, 30 адам құтқарылды.

Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің хабарлауынша, тілсіз жау үйдің бірінші қабатынан шыққан. Қою түтіннен тұрғындарды шұғыл түрде шығаруға тура келді. Ол үшін арнайы саты да керек болды. Өрт лезде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

КӨЛІК ӨРТЕНДІ

Ақмола облысында жол апатынан көлік жанып кетті. Оқыс оқиға «Алматы - Екатеринбург» тас жолында болған. Онда 3 көлік қатар соғылып, біреуінен өрт шыққан. Соның салдарынан екі адам Аршалы ауылындағы аудандық ауруханаға түсті. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

ЕКІ КӨЛІК ОТҚА ОРАНДЫ

Солтүстік Қазақстан облысында бір күнде екі көлік жанып кетті. Петропавл маңындағы Подгорное ауылында аулада тұрған «Ауди» көлігінің күлі көкке ұшты. Екінші жағдай Тайынша ауданында болды. Онда темір тұлпар тас жолдың бойында тұтанған. Зардап шеккендер жоқ.

ҚҰМАР ОЙЫНДАРЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ ЖАБЫЛДЫ

Қарағандыда құмар ойынды табыс көзіне айналдырған екі адам ұсталды. Олар облыс бойынша ғимараттарды жалға алып, бағдарламалық кешендер орнатқан. Тексеріс кезінде олардың рұқсат қағаздары жоқ болып шықты. Жалпы экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері соңғы екі жылда осындай 4 қылмыстық топты анықтады.

ЕСІРТКІ САУДАСЫ ӘШКЕРЕЛЕНДІ

Өскеменде есірткі сатушы ұсталды. Жедел алдын алу шарасы барысында 43 жастағы қала тұрғынының үйінен 55 қапшыққа оралған ұнтақ пен түйіршік заттар табылған. Сараптама қорытындысы бойынша оның «спайс» екені анықталды. Күдікті қамауға алынды. Енді ол 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.  

ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗДЫ

Алматы түбінде полиция қызметкері жол ережесін бұзды. Жеке көлігімен жолдың қарсы бетіне шығып кеткен тәртіп сақшысын куәгерлердің бірі телефонына түсіріп алған. Бұл жағдайды полиция департаменті растады. Олардың мәліметінше, рөльде патрульдік полиция қызметкері болған. Енді әкімшілік жауапқа тартылған оның мәселесі тәртіптік кеңесте қаралады.

ҚАРУ КЕЗЕНІП, СЫРА САТУҒА МӘЖБҮРЛЕГЕН

Алматы облысында ер адам дүкеншіні қарумен сыра сатуға мәжбүрлеген. Алмалыбақ ауылының 54 жастағы тұрғыны сауда орнына кіріп ішімдікті саптаяққа құйып беруін сұраған. Бірақ ондай қызмет көрсетілмейтінін естіген ол 12-інші калибрлі мылтығымен қайта оралып, қоқан-лоқы көрсеткен. Сатушы оны қолынан тартып алмақ болғанда, қабырғаға оқ атылды. Бұзақы ұсталып, жауапқа тартылды.