Елордадағы сауда орталығында фонтанға секірген бұзақы ұсталды

Елордадағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде достарымен бәстесіп, фонтанға секірген 19 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Полицияның «102» арнасына «Mega SilkWay» сауда ойын-сауық орталығының фонтанына екінші қабаттан жас жігіттің секіргені туралы хабарлама түсті. Елорданың 19 жастағы тұрғыны достарымен бәстесіп, 1-қабатта орналасқан фонтанға секірген. Қауіпті әрекетке орталық келушілері куәгер болды. Жас жігітті сауда ойын-сауық орталығының күзетшілері ұстап, полиция қызметкеріне тапсырды. Қоғамдық тәртіпті бұзушы Есіл аудандық полиция бөліміне жеткізілді», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің ақпаратында.

Құқық бұзушының үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен ол қамауға алынды. Ұсталған жігіт бұған дейін Алматы метросында музыка дауысын қатты қойып, кішігірім бұзақылық жасаған үшін жауапкершілікке тартылған.