Қызылорда облысында 2347 киік мүйізі тәркіленді

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қызылорда облысында арнайы операция өткізіп, қылмыстық схема ұйымдастырған жергілікті екі тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Хабар 24. ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰҚК өңірлік департаменті қызметкерлері прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, киік мүйіздерін заңсыз иемдену және өткізу дерегіне қатысы бар қылмыстық топтың заңсыз әрекетін анықтауға арналған арнайы операция өткізді. Нәтижесінде жалпы салмағы 500 келі 2347 киік мүйізі тәркіленді. Браконьерлер 1174 киік өлтірген. Сөйтіп мемлекетке 5 миллиард теңге залал келтірген. «Осы қылмыс салдарынан Қазақстандағы киік тұқымына айтарлықтай зиян келді. Ұсталған адамдарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ҚР ҚК 339 бабы 3 бөлігінің 2 тармағы бойынша заңсыз әрекетке өзге де қатысушыларды анықтау, айыпталушыларда киік мүйіздерінің қосымша партиялары бар ма деген сұрақ бойынша тергеу және жедел іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр.