Қызылорда облысында атыс болып, тоғыз күдікті ұсталды

Қызылорда облысында жастар арасындағы төбелес атыспен аяқталып, кәмелетке толмаған үш қыз зардап шеккен. Тәртіп сақшылары тоғыз күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлердің мәліметінше, Қызылорда облысының Қармақшы ауданы Төретам кентінде бір топ азамат жанжалдасып, қару қолданған. Салдарынан аялдамада тұрған үш жасөспірім оқтың ұшқынынан жарақат алған.

«Жасөспірімдер дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, көмек көрсетілді. Олардың біреуі сол күні үйіне қайтарылса, қалған екеуі дәрігерлік бақылауға алынған. Қазіргі уақытта жасөспірімдердің жағдайы қалыпты. Оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің 24 бабының 3 бөлігі, 99 бабының 3 бөлігі «Адам өлтіруге оқталу» дерегімен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - дейді полиция өкілдері.

Осы қылмыс бойынша 8 күдікті анықталып, тұтқындалды. Одан соң жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде оқ атқан негізгі күдікті ұсталды. Ол кінәсін толық мойындады. Қылмыс құралы тәркіленіп, айғақты зат алынды.

Ұсталған 9 күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалып, олар қамауға алынды. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды.

Қазір тергеп-тексеру әрекеттері жалғасып жатыр.