«Ипотекамен көмектесемін»: Нұр-Сұлтан тұрғыны 2,2 млн теңгесінен айырылды

Елордада полицейлері қала тұрғынын ипотека арқылы үй алып беремін деп алдаған күдіктіні ұстады.

Ипотека рәсімдеп беремін деген танысына алданған елорда тұрғыны полицияға жүгінді. Белгілі болғандай, оның танысы ипотека рәсімдеуге көмек көрсете алатынын айтқан.

«Биыл сәуір айында күдікті өзінің қызметі үшін 2 млн 200 мың теңге алып, осы уақытқа дейін уәдесін орындамаған. Алданып қалған әйелдің айтуынша, танысы екінші деңгейлі банктерде бұл мәселені шеше алатын адамдары бар екенін айтып сендірген», - делінген қалалық Полиция департаментінің мәліметінде. Ұзақ күткен ипотекасынан нәтиже болмағасын, әйел күдіктіге қатысты полицияға арыз түсірген. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталып, «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.