Атырау облысында жантүршігерлік жол апаты болды

Атырау облысында екі көлік бетпе-бет соқтығысып, 11 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Хабар 24 «Мой город» порталы.

Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жол апатынан зардап шеккендер жақын маңдағы ауруханаға жеткізілгенін айтты. 

Жол апаты 18 желтоқсан күні кешкі сағат 18:30-да Доссор – Күлсары тас жолында Доссор ауылына жақын жерде болған. Volkswagen Sharan мен Ravon көліктері бетпе-бет соқтығысады. Бір көліктен түтін шыға бастаған.

«Бірақ автокөлік жанған жоқ. Тас жолының бойында қызмет атқарып жүрген медициналық құтқару бекетінің мамандары жарақат алған 11 адамды Доссор ауылының ауруханасына жеткізді», – дейді құтқарушылар.

Оқиға орнына өрт сөндірушілер, жедел жәрдем мен полицейлер барды. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Әзірше облыстық денсаулық сақтау басқармасы да, полиция департаменті де толық ақпарат бермей отыр.