Павлодар облысында бірнеше жолаушы көлік апатынан зардап шекті

Жол-көлік оқиғасы Омбы – Майқапшағай автожолының 468 шақырымында орын алған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 желтоқсан күні сағат 21.30-да Ямышев ауылының жанында «Ниссан Алтима» көлігінің 23 жастағы жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, «Фольксваген Поло» автокөлігімен соқтығысқан. 

- Салдарынан 2003, 2004, 2007 және 2010 жылдары туған жолаушылар түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылып, аталмыш фактіге қатысты тексеру жүргізілуде, - деді баспасөз қызметінде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы шыққан.

- Жол апатынан төрт адам зардап шекті, оның екеуі - кәмелетке толмағандар. 2010 жылы туған қызда ми жарақаты, маңдайдың жыртылған жарақаты, мойын, кеуде, бел омыртқасының контузиясы диагнозы қойылған. 2004 жылы туған екінші қызда ашық бас сүйек-ми жарақаты, ауыр дәрежедегі бас миының жарақаты бар. Сол жақ сүйектің сызықтық сынуы бас сүйегінің негізіне өтуі. Олар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, жедел ем көрсетілмеген, - делінген  хабарламада.

2003 жылы туған жігіттің миы шайқалып, кеуде қуысы жарақаттанған. Оң жағында 5-6 қабырғаларының жабық сынуы, бас терісінің көгерген жарасы тіркелді. Шамамен 40 жастағы тағы бір ер адам ауруханаға жатқызудан бас тартты.