Шымкентте адам саудасымен айналысқандарға сот үкімі шықты

Төрт жыл бойы адам саудасымен айналысып, қыздарды жыныстық құлдыққа мәжбүрлеген трансұлттық топқа қатысты сот үкім шығарды, деп хабарлайды Хабар 24.

Қылмыстық іске Бахрейн азаматтары мен Ресей Федерациясы тұрғындарының да қатысы бар. 36 қызды заңсыз жұмысқа тартып, шекара асырғандардың ішіндегі 12 әйел мен 4 ер адам Түркістан облысының тұрғындары. Олардың үшеуі кінәлі деп танылғанымен, тараптардың бітімге келуіне байланысты сот залында босатылды. Қалғандарының барлығы ауыр жазаға тартылды. Ал 36 жастағы Саодат Азадова ұйымдастырушы деп айыпталып, 14 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол қыздарды сату арқылы 49 миллион теңгеге жуық табыс тапқан.

Әбсаттар Шахидинов, қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

– Бахрейнде қыздардың құжаттарын алып қойып, әртүрлі қонақүйлерге орналастырып, зорлықпен жыныстық жұмысқа жұмсаған. Әрбір жіберілген қыз үшін банк карталары арқылы 2 мың АҚШ долларынан бастап, 5 мың долларға дейін ақша алып отырған.