Ақтөбеде бұрын сотты болып, есепте тұрған азамат қамауға алынды

Өйткені ол жаза өтеу шарттарын бұзған, деп хабарлайды Хабар 24 Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Еске сала кету керек, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған А. 2021 жылдың маусым айында Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ойыл аудандық пробация қызметіне есепке алынған болатын. Есепке алынған күннен бастап пробация қызметкерлері сотталған азаматқа бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаның өтеу шарттары және бас бостандығынан шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібін түсіндірді. Алайда сотталған А. жаза өтеу барысында бірнеше рет сот жүктеген міндеттерді орындаудан бас тартқан. Сонымен қатар қоғамдық орындарда ішімдік ішкен күйінде қоғамдық тәртіпті бұзып, құқық бұзушылыққа бірнеше рет жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осындай заңбұзушылықтарға орай Ойыл аудандық пробация қызметі ҚР ҚАК-нің 68 бабы 2 бөлігін басшылыққа ала отырып, жоғарыда орын алған деректерге сүйеніп, сотталған А-ға қатысты бас бостандығынан шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы тиісті ұсынысты Ойыл аудандық сотына жолдайды.

Аудандық сот ұсынысты қолдап, күдіктіні 2 жыл 5 ай 9 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.