Ақжайық ауданында қатты боран салдарынан колледж ғимаратының шатыры ұшып кетті

Оқиға Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында болды, деп хабарлайды Хабар 24.

Бүгін таңертең ауданда желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жеткен. Ақтүтек боран салдарынан Ақжайық аграрлық-техникалық колледжіндегі бір қабатты ғимараттың 150 шаршы метр шатыры қирап қалды. Әйтеуір ешкім зардап шекпеген.

«Жергілікті атқарушы органнан құрылған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Келтірілген шығын көлемі анықталу үстінде. Ғимарат 1977 жылы салынған. 2007 жылы күрделі жөндеуден өткізілген» деп жауап берді БҚО ТЖД баспасөз қызметі.