Павлодарда мас күйінде рульге отырған әйелге айыппұл салынды

Павлодар қаласында көлікті мас күйде басқарған әйел полиция қызметкерлерінен қашып кетпек болды.

Әйелге ҚР Әкімшілік Кодексінің 608-бабы бойынша хаттама толтырылды. Кінәлі тұлға 7 жылға дейін көлік жүргізу куәлігінен айырылды. Айта кету керек, биыл облыста автокөліктерді мас күйде басқарған 1462 адам ұсталған.

ШҚО-ДА ЗАҢСЫЗ ҚАРУ САҚТАҒАН ТҰРҒЫН ҰСТАЛДЫ

Шығыс Қазақстан облысының Зенковка ауылында заңсыз қару сақтаған тұрғын ұсталды. 36 жастағы ер адам шаруашылық нысанында екі ұңғылы мылтық пен оқдәрі жасырып келген. Атыс қаруы арнайы базада тіркелмеген. Күдікті мылтықтың атадан қалған мұра екенін айтқан. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кінәлі 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ОРАЛДА АУЛАДА ТҰРҒАН ЖЕҢІЛ КӨЛІК ӨРТЕНІП КЕТТІ

Көліктің моторынан түтін шығып, кейін от шарпыды. Абырой болғанда, ішінде адам болмаған. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды өшірді. Қазір оқыс оқиғаның шығу себебі анықталып жатыр.

ШЫМКЕНТТЕ ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН ӨРЕСКЕЛ БҰЗҒАН 2 ЖҮРГІЗУШІ ҰСТАЛДЫ

Шымкентте жеңіл көлікпен көшедегі қос жолақты қиып өтіп, жол ережесін өрескел бұзған 2 жүргізуші ұсталды. «Ауди» және «Лада» маркалы көліктерді тізгіндеген жүргізушілердің әрекеті полиция көлігіндегі бейнекамераға түсіп қалған. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Тиісті заңнама бойынша 6 айға дейін көлік басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.