БҚО-да газ баллоны жарылып, үш адам зардап шекті

Батыс Қазақстан облысынынң Мичурин ауылында жеке тұрғын үй отқа оранды, деп хабарлайды Хабар 24.

Қызыл жалын 120 шаршы метрді шарпыған. Салдарынан ерлі-зайыпты зейнеткерлер мен ұлы зардап шекті. Олардың денесін күйік шалған.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір жағдайлары орташа. Ал баспана түгел дерлік жанып кетті. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері үйде газ баллоны жарылғанын айтты.

ТӨБЕДЕН ТҮСКЕН «ТОСЫН СЫЙ»

Шығыс Қазақстан облысында түзеу мекемесіне әлдекімдер жасырын «сыйлық» жолдаған. Түрме сақшылары қоршаудан лақтырылған заттарды тәркіледі. Жаңажылдық пакет ішінен 4 ұялы телефон мен қуаттағыш, 5 сим-карта, смарт сағат, құлаққап және 65 дана трамадол дәрісі шықты. Қазір мән-жай анықталу үстінде.

ҰРЫНЫҢ АРТЫ ҚУЫС

Түркістан облысының Келес ауданында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Барымташылар жергілікті тұрғындардың қора-жайлары мен жайылымынан 18 бас ірілі-ұсақты мал ұрлаған. Оқиғаға қатысты 6 күдікті қамауға алынды. Олардың бесеуі бұрын түрлі қылмыстар бойынша сотты болған.

Салтанат Қаракөзова, облыстық ПД ресми өкілі:

– Олар малды ұрлап, тасымалдап отырған және сатып алып отырған адамдар. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бұл қылмыстық топ тағы да басқа қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен тексеріліп жатыр.

ТАЗЫ ИТТІ ӨЛТІРГЕН

Қарағанды облысының Шет ауданында ветеринария станциясының мамандары қаңғыбас иттермен бірге тазыны өлтірген. Оқиғаға қатысты видео әлеуметтік желіде тарады. Олар көлікпен жүріп, қаңғыбас салпаңқұлақтарды атқан. Алайда өлтірілген иттердің ішінде сирек кездесетін тазы тұқымы да болған. Ведомство өкілдері оқиға бойынша қызметтік тергеу жүргізілетінін мәлімдеді. Оның қорытындысы сәйкес қызметкерлер жауапқа тартылуы мүмкін.