Теміртауда ер адам дәрігерлерге шабуыл жасады

Теміртау қаласында 18 жастағы жігіт жедел жәрдем бригадасына пышақ алып жүгірген, деп хабарлайды Хабар 24.

Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Видео әлеуметтік желіде тарады. Полицияның мәтіметінше, медицина қызметкерлерінен арыз түспеген. Суық қару ұстаған ер адам психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған. Оның туыстарына түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Ұрылар ұсталды

Маңғыстау облысының Қарақия ауданында 2 ұры ұсталды. Полицияға шұғыл хабарлама түсіп, тәртіп сақшылары Жетібай-Құрық тасжолының бойында «ГАЗель» автокөлігін тоқтатады. Көліктің артында ұрланған мотоцикл да болған. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында олар кінәсін мойындады. Олар 5 жылқыны айдап кеткен. Қазір олардың өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Жеңгетай әйел ұсталды

Өскеменде 50 жастағы әйел жалдамалы пәтерде притон ұйымдастырған. Полиция қызметкерлері оны рейд кезінде анықтады. Пәтерде 20 мен 35 жас аралығындағы бес әйел болған. Олар ақша табу үшін интимдік қызмет көрсеткен. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Кінәлі тұлға 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Пиротехниканы заңсыз сатқан

Шымкентте пиротехника өнімдері заңсыз сатылған. Полицейлер жаңа жыл қарсаңында жедел алдын алу шарасын күшейтті. Базарларда жүргізілген рейд кезінде құжатсыз саудамен айналысқан 2 тұрғын анықталды. Оларға мән-жай түсіндіріліп, ескерту берілді. Тексеріс жұмыстары жалғасып жатыр.

Үйінде есірткі сақтаған

Оралда есірткі сақтаған ер адам қолға түсті. Полиция қызметкерлері күдікке іліккен 47 жастағы тұрғынның үйіне тінту жүргізді. Нәтижесінде бес бірдей полиэтилен пакетіне салынған есірткі ұнтағы табылды. Оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталды.

Мұз жарылып, көлік суға кетті

Ақтөбеде мұздың үстіне көлікпен шыққан балықшылар бір ажалдан қалды. Тұманда жолдан адасқан екі адам Ақтөбе су қоймасының ортасына қарай алыстап кеткен. Ауыр салмақтан мұз жарылып, джип автокөлігі 2 метр тереңдікке батып кетіпті. Абырой болғанда жүргізуші мен қасындағы серігі көліктің терезесінен шығып үлгерді. Суға кеткен көлікті еріктілер мен құтқарушылар шығарып алды. Төтенше жағдай қызметі мұз үстіне ауыр техникамен шығуға болмайтындығын ескертеді. Себебі ағысы бар және балдыры көп тұста мұз жұқа болады дейді мамандар.