Ақмола облысында алтын кенін өңдейтін жасырын цех анықталды

Полицейлер оны Бестөбе кентінде жүргізілген арнайы рейд барысында әшкерелеген, деп хабарлайды Хабар 24.

Заңсыз өндіріс ошағынан 1 жарым тонна алтын құрамдас материал, 3 үгіту қондырғысы, электронды таразылар, бірнеше суық қару мен басқа да айғақты заттар табылыпты. Қазір аталған іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Айта кетейік, аймақ полицейлері бұған дейін де Степногорск өңірінен алтын кенін астыртын сатумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топты ұстаған болатын.

Бахтияр Сүлейменов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Бұл біздің қарап жатқан бірінші іс емес. Бұған дейін дәл осындай 3 бірдей қылмыстық іс тергеліп, олардың біреуі қазір сотта қаралып жатыр. Ал қалған екі жағдай бойынша бас-аяғы 56 күдікті сұраққа алынды. Алдағы уақытта олардың ісі де сотқа жолданып, айыптылар тиісті жазасын алады.