Алматыда жаңа жыл қарсаңында Үндістан азаматын тонағандар ұсталды

Алматыда Үндістан азаматын тонап, лото клубқа қарақшылық шабуыл жасағандар анықталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық топтың 27 жастағы екі мүшесі де бұрын сотталған, екеуі де Түркістан облысының тумалары.

«Сот алды тергеу амалдары барысында белгілі болғандай, күдікті азаматтар Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Үндістан елінің азаматын тонап, лото клубқа қарақшылық шабуыл жасаған. Екі жағдайда да олар травматикалық тапанша пайдаланған. Шетел азаматының ұялы телефоны мен ақшасын тартып алған, кейін лото клуб кассасынан 2 миллион теңге көлемінде қаражатты қолды еткен», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Қуатбек Науатов.

Оның айтуынша, қарақшылық шабуыл кезінде аталған мекеменің күзетшісі жараланған. Аталған ауыр қылмыстарды ашу үшін арнайы жедел тергеу тобы құрылып, нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктілерді Нұр-Сұлтан қаласында қолға түсірген.

«Кейін күдіктілер бұған дейін Алматы облысы, Қарасай ауданы аумағында орналасқан лото клубқа да шабуыл жасағаны анықталады. Қазіргі таңда ұсталғандар өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр», – деді Қуатбек Науатов.