Жаппай тәртіпсіздік кезінде 37 қызметтік көлік бүлінді – ҚР ІІМ

Елде қоғамдық тәртіпті бұзған 200-ден астам адам ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің бірқатар аймағында жаппай тәртіпсіздік кезінде азаматтар араңдатушылыққа еріп, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекетке көшкен. Атап айтсақ, Алматы, Шымкент және Тараз қалаларының әкімдіктеріне шабуыл жасап, әйнектері мен есіктерін сындырды. Шабуылдаушылар тас, таяқ, газ, бұрыш баллондарын және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді пайдаланған. Ішкі істер министрлігі таратқан ресми ақпарға сәйкес, құқық қорғау органдарының 100-деген қызметкері жарақат алды. 37 қызметтік көлік бүлінген. Билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, бұзақылық, мемлекеттік орган ғимараттарына шабуыл жасаудың 13 дерегі тіркелген. Қазір олар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

– Азаматтардың жекелеген топтары, жолдарды жауып, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын және елдімекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына шектеу қойды. Сонымен қатар құқық қорғау және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасалды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу және тәртіп бұзушыларды ұстау бойынша заңда көзделген шараларды қабылдады. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталды.