ШҚО-да қар құрсауында қалған онға жуық көлік құтқарылды

Шығыс Қазақстан облысында қар құрсауында қалған 10-ға жуық көлік құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 15 қаңтарда өңір жұртшылығына бұрқасын, көктайғақ және қатты жел ескерту жарияланған.

Тұрғындарға елді мекендерден алыс жолға шықпау қажеттілігі түсіндірілді. Алайда бұл кеңесті тыңдамағандар да болды.

«Мәселен, республикалық маңызы бар «Шемонаиха-РФ шекарасы» тас жолының Шемонаиха ауданы маңында 2 шағын автобус, 6 жеңіл және 3 жүк көлігі қар құрсауында қалған. Құтқарушылар, жол қызметтері және жергілікті атқарушы орган өкілдері оқиға орнына жылдам келіп жетті. 10 адам, оның ішінде бір бала Шемонаиха қаласының жылыту пунктіне жеткізілді. Оларға барлық қажетті көмек көрсетілді» делінген хабарламада. Қазіргі уақытта көліктер түгелдей қар құрсауынан шығарылған. Сондай-ақ тас жолдың аталған учаскесі қардан тазартылды.