Шымкентте орта жастағы әйел есірткімен ұсталды

Түркістан облысында орта жастағы әйел синтетикалық есірткі заттарын сатумен айналысқан. Ол Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды. Тексеру барысында жатын бөлмедегі кереуеттің астынан ішінде ұнтақ заты бар орамалар тәркіленді. Күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Қостанай облысында тас жолдағы көктайғақ салдарынан бір адам қаза тапты. Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы бағыттағы темір тұлпармен соқтығысқан. Жеңіл көліктің 67 жастағы жүргізушісі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Ал медициналық көлікті басқарған азамат, сондай-ақ дәрігерлер мен науқас дене жарақатын алған. Олар Меңдіқара аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Аталған оқиға бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғады. 

Павлодар облысында жол апатынан екі адам көз жұмды 

Павлодар облысында жол-көлік оқиғасынан екі адам көз жұмды. Қайғылы оқиға «Омбы-Майқапшағай» автокөлік жолының 505-шақырымында болған. Аққулы ауданының Әйтей және Шабар ауылының маңында  «Нива» және «Фольксфаген» жеңіл көліктері соқтығысқан. Салдарынан «Фольксфаген» көлігінің 51 жастағы жүргізушісі мен 56 жастағы жолаушысы қайтыс болды. «Нива» көлігіндегі адамдар аман. Олар түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. 

Қарағанды облысында көліктер отқа оранды 

Қарағандыда үш бірдей көлік өртеніп кеткен. Оқыс жағдайдың екеуі Теміртау қаласында тіркелді. Тағы бір жеңіл көлік облыс орталығында, үйге жапсарлас салынған гаражда отқа оранған.  Өрт дер кезінде сөндірілді. Адам шығыны жоқ.  Қазір оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.

Павлодар облысында браконьерлер ұсталды

Баянауыл ауданы Қызылтау ауылдық округі аумағында сирек кездесетін жануарларды заңсыз аулаған 9 ер адам ұсталды. Олардың үшеуі Алматы қаласының тұрғыны. Браконьерлерден екі сілеусіннің терісі және еліктің ұшасы тәркіленді. Елімізде сілеусін аулауға тыйым салынған. Ал елік аулауға 2022 жылдың 1 қантарынан бастап тамыз айына дейін шектеу енгізілді.