Алматыда бүлік кезінде жеке үйлерге шабуыл жасаған қарулы топ ұсталды

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, ұсталғандар 29 бен 36 жас аралығындағы 4 ер адам.

Белгілі болғандай, олар Алматы облысының тұрғыны. Екеуі – бұрын тонау және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотталған. «Қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бүлікшілер жеке күзет ұйымдарының қызметкерлеріне бірнеше рет шабуыл жасап, олардың қызметтік қаруларын тартып алған. Одан кейін жеке үйлерге басып кіріп, үй иелерін автоматпен және басқа да атыс қаруымен қорқытып, жеке мүлкі мен екі автокөлікті иемденген», – дейді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев. Бұл қылмыстарды ашуға қаланың криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері көмектескен. Күдіктілер қамауға алынды.

Полиция өкілінің айтуынша, заттай айғақтар, оның ішінде күзетшілерден тартып алынған қарулар тәркіленіп, ҚР ҚК-нің 192 бабы және 291 бабы бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Қазір ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.