Семейде көпқабатты үйден өрт шықты

Семейде көп қабатты үй отқа оранды. Ал Ақтөбеде жанармай бекетінде кассирге пышақ тақап, операторды балғамен ұрған. Ақтөбеде болған осы оқиғаға қатысты тергеу басталды. Павлодар облысында 38 жастағы азамат суға кетіп қайтыс болды. 

Семейде көп қабатты үйден өрт шықты. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 4 минутта жеткен. Үйдің 4-ші қабатынан 9-шы қабатына дейін электрқалқанның шоғырсымдары жаныпты. Кіре берісті қою түтін басқан. Құтқарушылар  пәтерлерді аралап, ұйқыға кеткен тұрғындарды оятқан. Жоғары қабаттан 17, төменгі қабаттан 40 адам эвакуацияланды. Олардың 10-ы бала. Өртті сөндіруге 25 адам, 6 техника жұмылдырылған.

ЖАНАРМАЙ ҚҰЮ БЕКЕТІН ТОНАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ

Ақтөбеде жанар май құю бекетін тонап кетті. Сәңкібай батыр даңғылындағы бекетке баса көктеп кірген екі адам операторды балғамен ұрып, кассирді пышақпен қорқытқан. Қарақшылар кассадан 100 мың теңгеден астам ақша мен телефон және бірнеше қорап темекіні ұрлаған. Криминалдық полиция басқармасы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі күдіктіні ұстап, тергеу изоляторына қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ЗЕЙНЕТКЕР ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Ақмола облысы, Сандықтау ауданының Балкашино ауылында жекеменшік үй отқа оранды. Қызыл жалын жалпы аумағы 80 шаршы метрді қамтыған. Өрттен зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылар үйдің иесі яғни 1940 жылы туған зейнеткердің өмірін аман алып қалды. Қазір оқиғаның мән жайы анықталып жатыр.

МҰЗ ЖАРЫЛЫП, 1 АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ

Павлодар облысында 38 жастағы азамат суға кетіп қайтыс болды. Қайғылы жағдай Шідерті кенті арқылы өтетін Қаныш Сәтбаев каналында болды. Куәгердің айтуынша, ер адам мұз үстімен каналдың ортасына қарай бара жатқан. Алайда қармағын алуға бұрылып қайта қараған сәтте ер адам көзден ғайып болған. Оқиға орнына барған құтқарушылар оның денесін алып шықты. Биыл қыс жылы болғандықтан, мұз жұқа. Төтенше жағдайлар қызметі мұз үстімен жүру қауіпті екенін ескертеді.