456,05 484,00 8,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркістан облысында шенеунік журналисті өлтіру үшін 5 млн-ға киллер жалдаған

  • 288
  • UPD: 18:10, 21.01.2022

Түркістан облысында журналисті өлтіруге тапсырыс берген шенеунік ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол қаламгердің өмірін 5 миллион теңгеге бағалаған. Орындаушылар тобы Сарыағаш ауданындағы белгілі журналистің үйіне қарулы шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан оның баласы жарақат алды. Белгісіз адамдар қаламгердің мекенжайына автокөлікпен барып, терезеден оқ жаудырып, артынша қаша жөнелген. Мән-жайды анықтауға кіріскен полицейлер бұл қылмыстың журналистің кәсіби қызметіне байланысты нұсқаның расталғанын айтады. Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында автоматпен оқ атқан Шымкент қаласының екі жас тұрғыны ұсталды. Содан кейін арада келіссөз жүргізген делдалдар мен тапсырыс берушілер анықталып, қылмысқа қатысы бар 5 күдікті қамауға алынды. Киллер жалдап, адам өлтіруге оқталған топтың қылмыстық ісін ашу үшін облыстық полиция департаментінің үздік жедел уәкілдері мен тергеушілері жұмылдырылды.

Қайрат Дәлбеков, облыстық ПД бастығы:

- Орындаушылар тапсырысты орындап, қылмыстың ізін суыту үшін Шардара арқылы Арысқа, әрі қарай Шымкентке жеткен. Айғақты зат ретінде 2 жеңіл ВАЗ автокөліктері алынды. Оны қылмыстық жолмен тапқан ақшаға сатып алғаны дәлелденді. Сонымен қатар 16 калибрлі патрондар алынып отыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы