Алматыда ұрланған қару-жарақ сақтаулы қойма табылды

Алматыда ұрланған мылтық пен оқ-дәрі табылды. Қойма Шаңырақ ықшам ауданындағы жеке тұрғын үйде орналасқан. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.

Күдіктілер қару-жарақты еденнің астына жасырған. Нақтырақ айтсақ, бірнеше граната, Калашников автоматына арналған оқтар, тегіс ұңғылы мылтықтар, броньды кеудеше, қалқандар, дулығалар шыққан. Айғақ заттар тәркіленіп, күдікті төрт адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың үйді жалдап тұрғаны белгілі болды. Қазір күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі ұрлық, 291-баптың 1-бөлігі қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттарды жымқыру бойынша іс қозғалды.

Талдықорғанда тәртіпсіздік кезінде әкімдікті тонаған 3 адам ұсталды. Бесі мен жетінші қаңтар аралығында күдіктілер мемлекеттік ғимаратқа басып кірген. Жедел тінту барысында олардан екі тоңазытқыш, екі салқындатқыш және өзге де тұрмыстық техника тәркіленді. Ұсталғандар кінәсін толық мойындады.