Қарағанды облысында қарттардың зейнетақысы мен жәрдемақысын ұрлап келген топ ұсталды

Қарағанды облысында жылдар бойы қарттарға тиесілі қаражатты жымқырып келген қылмыстық топ ұсталды.

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәліметке сүйенсек, Абай ауданындағы қарттар үйінің қызметкерлері мен "Қазпошта" филиалы бірігіп, қатарынан 5 жыл сонда тұрып жатқан қариялардың зейнетақылары мен жәрдемақыларын қалтаға басып келген. Сыбайластар қаңтар айында түскен осындай оңай олжаны өзара үлестіру барысында ұсталыпты.

"Аталған 1 млн теңгеден астам қаражат 25 адамның ғана ақшасы", - дейді құзырлы орган өкілдері. Ал әлеуметтік мекемеде 60 зейнеткер және 30 шақты мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Олардың осы уақытқа дейін қанша мемлекеттік көмектен қағылғаны тергеу барысында белгілі болмақ. Қазір қылмыстық іс жан-жақты зерттеліп жатыр.