Қарағандыда кәсіпкерді тонамақ болған қарулы топ ұсталды

Қарағандыда жергілікті кәсіпкердің үйін тонап, оңай пайдаға кенелмек болған қарулы топ құрықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бетіне медициналық маска таққандар жер үйге басып кіріп, тапаншамен көкке оқ атқан. Артынша үйдегі бағалы заттар мен ақшаны үптеп кеткен. Қарсыласқан үйдің қожайыны пышақталған. Қазір ол ауруханада емделіп жатыр. Дереу іздестіру нәтижесінің арқасында күдікті топтың барлық өкілі қолға түсті. Олардың бірі кәсіпкердің қол астында қызмет еткен.

Бақытжан Құдияров, Облыстық ПД баспасөз қызметінің бастығы:

– Қылмысты ашу бойынша жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 25 пен 40 жас аралығындағы үш күдікті ұсталды. Олардың бірі жеке кәсіпкердің мекемесінде жұмыс істейтіндігі белгілі болды. Ол қасындағы азаматтарға кәсіпкер туралы ақпарат беріп, қылмыс жасау кезінде сыртта көлікте күтіп отырған. Күдіктілердің тұрғын үйлеріне жүргізілген тінту барысында полиция қызметкерлері айғақ зат ретінде тапанша, алтын бұйымдардың жартысын тәркіледі.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.