Ақмола облысында есірткі таситын такси жүргізушісі ұсталды

Ақмола облысында есірткі тасыған такси ұсталды. Батыс Қазақстандағы Подстепное ауылында жұртты шошытқан хабар баланың ісі болып шықты. Ал Петропавлда осы кезде  жолдан өте алмай тұрған зейнеткерге көмектесіп, ақыры 120 мың теңгесін ұрлап кеткен алаяқ қолға түсті. Елде тағы қандай оқыс жағдайлар бар?

Полиция департаментінің хабарлауынша, Атбасар қаласының 36 жастағы тұрғыны елордаға жолаушылар апарып, кері қайтқанда гашишпен оралады екен. Тас жолдың бойында күдіктінің көлігінен он қапшыққа оралған 600 грамм есірткі табылды.

ЕСІРТКІ ЖАСЫРҒАНДАР ҰСТАЛДЫ

Қарағанды облысында есірткі жасырған 5 адам ұсталды. Күдіктілердің бірі психотроптық заттарды қардың астына көміп кеткен. Ал Теміртау қаласының екі тұрғыны үйдің кіреберісінде қолға түсті. Тексеру кезінде олардан 11 бума ұнтақ зат тәркіленді. Қазір бәрі де қамауға алынған.

БОМБА ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ЖАЛҒАН 

Батыс Қазақстан облысында полицияға мектепке бомба қойылды деген хабарлама түскен. Подстепное ауылындағы білім ошағынан оқушылар мен еңбек ұжымы дереу қауіпсіз жерге шығарылды. Алайда ақпарат жалған болып шықты. Тәртіп сақшылары мән-жайды анықтаған. Сөйтсе, жарылғыш зат жайлы мәліметті жасөспірімдердің бірі желідегі парақшасында жариялаған екен. Ал полицияға желі қолданушылары қоңырау шалған.

Лунара Аманғалиева, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы:

– Әлеуметтік желідегі парақшаға ақпаратты орналастырған 2005 жылы туған жасөспірім анықталды. «Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 127-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. 

ПӘТЕР ҰРЫСЫ ҰСТАЛДЫ

Түркістан облысында 10-ға жуық пәтерді тонады деген күдікпен жас жігіт ұсталды. Басында Сайрам ауданының тұрғынынан 2 млн теңгеге жуық ақша мен әшекей бұйымдарының жоғалғаны туралы арыз түскен екен. Із кескен тергеушілер оның басқа да әрекеттерін анықтады. Ұры Шымкентте жалдамалы пәтерлердің бірінде қолға түскен.  

ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІ САН СОҚТЫРДЫ...

Петропавл қаласында зейнеткерлерді алдап ақшасын ұрлаған елордалық жігіт ұсталды. Қылмыс көше камераларының арқасында анықталды. Алаяқ егде жастағы әжейді сүйемелдеп, үйіне дейін апарып тастаған. Кейін ішуге су сұрап үйге кіреді. Сөйтіп 120 мың теңгені қолды қылып үлгереді. Күдікті осылай тағы бір адамның ақшасын иемденіп кеткен.

Ерасыл Әскербек, қалалық №1 полиция бөлімінің тергеушісі:

– Тергеу барысында оның Петропавл қаласына арнайы егде жастағы қарт адамдардың мүлкін ұрлау үшін арнайы келгендігі анықталды. Ол қарт адамдарға көмек көрсету айла тәсілімен сеніміне кіріп, ақша қаражаттарын қолды етіп отырған. 

ЖЕҢІЛ КӨЛІК ӨРТЕНІП КЕТТІ

Қарағандыда жеңіл көлік өртеніп кетті. Оқиға қаланың қақ ортасында, адам көп жиылатын базардың қасында болған. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ.