Қызылорда облысында газ баллон жарылып, баспана қирады

Оқыс оқиға жалағаш ауданындағы Қаракеткен ауылында болған. Газ баллоны жарылып, жер үйдің күл талқаны шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарылыстың артынан өрт шыққан. Абырой болғанда адамдар аман. Тек күйік шалған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, ас үйде тұрған 50 литрлік газ баллонның жарылу салдарынан ғимараттың қабырғасы опырылып, нысан толық жанып кеткен. Абырой болғанда адамдар аман қалды. Үй иелері қазір түрлі дәрежедегі күйікпен ауданаралық ауруханада ем алып жатыр.

ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚ ҰСТАЛДЫ 

Түркістан облысында интернет арқылы елді алдап келген алаяқ ұсталды. Ол бір емес бірнеше облыстың тұрғындарын сан соқтырып кеткен. Ал оның құйтырқы әрекетінің әшкере болуына жергілікті азаматшаның арызы сеп болды. Шағымданушы, белгісіз біреудің «Whats App» желісі арқылы «Криптовалюта» атты топ құрып, «қаржыңды еселеп беремін» деп, 200 мың теңгеге жуық ақшасын алып, мүлдем қайтармай қойғанын жеткізеді. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында күдікті әйел бір тәулік ішінде анықталған. Ол жасы 30-дан асқан Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Істі тергеу барысында алаяқ әйелдің бұдан бөлек еліміз бойынша 17 тұрғынды осындай жолмен алдап, ақшаларын иемденіп кеткені белгілі болды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 2 миллион теңгеден асады.

БІР ТӘУЛІКТЕ 4 ҮЙДЕН ӨРТ ШЫҚТЫ

Ал еліміздің шығысында бір тәулікте 4 бірдей өрт дерегі тіркелді. Олардың барлығы жеке тұрғын үйлердің аумағында болған. Мәселен, Семей қаласында Интернационал көшесіндегі баспаналардың бірінің ауласында тұрған қосалқы ғимарат өртке оранды. Ағаштан салынған нысан толықтай дерлік жанып кеткен. Ал Первомай ауылында Целинная көшесіндегі бір үйдің шатыры өртке оранды. Тілсіз жаудың тұтануына пешті дұрыс қолданбау сеп болған.

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІКТЕРІ СОҚТЫҒЫСТЫ

Қостанайда екі бірдей жедел жәрдем көлігі соқтығысты. Оқиға қаланың орталығында болған. Полицейлердің айтуынша, олардың біреуі бағдаршамның қызыл түсіне өткенде келесі көшеде өз әріптестерінің көлігін қағып кеткен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметке сенсек, жүйткіп бара жатқан медициналық жедел жәрдем аса шұғыл шақыруға асыққан. Ал екінші көлік басқа бір шақыртудан келе жатқан екен. Апаттан ешкім зардап шеккен жоқ.

 ЖОЛАУШЫЛАР АВТОБУСЫ ЖАНЫП КЕТТІ

Ал Қызылордада жолаушылар автобусы өртенді. Оқиға Сырдария өзенінің сол жағалауына өтетін көпір маңында болған. Абырой болғанда жолаушылар да, жүргізуші де дін аман. №1 бағытта қатынайтын қоғамдық көлікте отырған бас-аяғы 16 адам тілсіз жау тұтана бастағанда автобустан шығып кеткен екен. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр.