Қызылордада есірткі тасымалдаушыдан марихуана тәркіленді

Қызылордада 2 бірдей есірткі тасымалдаушы ұсталды. Жастары 50-ден асқан азаматтардың көліктерінен 1 келіден астам марихуана табылыпты. Сондай-ақ, олардың баспаналарын тінту барысында тағы 1 жарым келі есірткі заттары тәркіленген. Қазір аталған деректерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

БҚО-да электр жабдықтары қолды болды 

Батыс Қазақстан облысында электр тарату компаниясынан 2 млн теңгенің қосалқы бөлшектері ұрланды. Оқиға Қазталов ауданында болған. Белгісіз біреулер кәсіпорынның ауласына кіріп, трансформаторлардың түрлі жабдықтарын қолды қылған. Полицейлер жедел іздестіру шараларының барысында Орал-Атырау тас жолында күдіктілер мінген көлікті тоқтатып, одан ұрланған бөлшектер табылды. Ұрлықты жасағандар 1982 және 1985 жылы туған Жамбыл облысының тұрғындары, дейді құзырлы орган өкілдері. Сондай-ақ олардың осыған ұқсас тағы екі қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Күдіктілер енді 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Павлодарда "жүгенсіз жүргізуші" жазаланды

Павлодарда жол ережесін өрескел бұзған жас жігіт әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2003 жылы туған қала тұрғыны «Лада Гранта» жеңіл автокөлігімен облыс орталығының көшелерінде ойран салып жүргені әлеуметтік желіде тарады. Жолда апаттық жағдай тудырған оны тәртіп сақшылары көп ұзамай қолға түсірді. Жүгенсіз жүргізуші Әкімшілік кодекстің бірнеше бабы бойынша жазаланды. Сөйтіп, ол 200 мың теңгеге жуық айыппұл арқалады. Ал оны төлемесе, әкімшілік қамауға алынады. 

Петропавлда студенттерді алдаған алаяқ ұсталды 

Петропавлда студенттерді сан соқтырып кеткен алаяқ ұсталды. Күдікті жастарды 2 млн теңгеге тақырға отырғызған. Полицейлердің айтуынша, оңай жолмен олжа табуды көздеген азамат өз таныстары арқылы студенттердің атына ұялы телефон алу мақсатында несие рәсімдепті. Ал оның өтемін «банктегі таныс арқылы жауып тастаймын» деп алдап, алынған тауарды олардан небәрі 10 мың теңгеге сатып алып отырған. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң студенттер өздерінің алданып қалғандарына көз жеткізді. Ал күдікті 20 жастағы қала тұрғыны боп шықты. Енді ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.