Солтүстік Қазақстанда ерлі-зайыптыларды көлік қағып мерт қылды

Солтүстік Қазақстан облысында бір үйден екі адам жол апатынан опат болды. Оларды қаққан көліктің жүргізушісі удай мас болған. Ал Петропавлда былтыр баллон жарылып, елдің есін шығарған жатақханада тағы өрт шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солтүстік Қазақстан облысында ерлі-зайыптыларды көлік қағып кетті. Қайғылы оқиға Есіл ауданында болған. Оларды «Ford Focus» жеңіл автокөлігі түн мезгілінде Волошинка ауылы маңында соғып өткен. Екеуі де оқиға орнында көз жұмды. Кінәлі жүргізуші де сол маңнан ұсталған. Полицейлердің айтуынша, ол мас болған екен. Қазір қанды оқиғаға сеп болған 32 жастағы азамат қамауда отыр. Қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

БІР ТӘУЛІКТЕ БІРНЕШЕ ӨРТ БОЛДЫ

Еліміздің шығысында бір тәулікте бірнеше өрт дерегі тіркелді. Олардың ең ірісі Шемонайха ауданында болған. Ондағы жеке үйлердің бірінде баспананың шатырынан шыққан от үйге іргелес орналасқан қосалқы ғимаратты, монша мен гаражды да шарпыған. Тіпті, гаражда тұрған «Mitsubishi Pajero» автокөлігі мен «DAF» маркалы жүк көлігі де жанып кетті. Тілсіз жау осылайша бас-аяғы 266 шаршы метр аумақты жалмаған. Ал құтқарушылар өрт электр қондырғыларының дұрыс істемеуінен шықты деп отыр.

ЖАТАҚХАНА ӨРТКЕ ОРАНДЫ

Петропавлда жатақхана өртке оранды. Тілсіз жау екінші қабаттағы пәтерлердің бірінен тұтанған. Абырой болғанда, адамдар аман. Ғимараттан бас-аяғы 30 шақты тұрғын сыртқа шығарылыпты. Ал 18 шаршы мерт аумақты шарпыған өртті сөндіруге 8 техника жұмылдырылды. Қазір оның нақты неден шыққаны анықталып жатыр.

Айта кетейік, дәл осы жатақханада бір жыл бұрын газ баллоны жарылған болатын.

57 ЖАСТАҒЫ ТҰРҒЫН ЕСІРТКІ САТҚАН

Ақтау қаласының тұрғыны есірткі сатып жатқан жерінен ұсталды. Полицейлер оны «жылдамдық» атты синтетикалық есірткіні саудалап тұрған кезінде қолға түсірді. 57 жастағы азамат бұрын сотталған. Ал күдіктінің үйін тінту барысында «трамадол» дәрілік заттарының пластинасы, 12 дана шприц, марихуана және басқа да суық қарулар табылған.

Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.