Ақтөбе облысында өрттен егіздер көз жұмды

Ақтөбе облысының Қызылжар ауылында орналасқан бір үйден өрт шығып, екі бала қайтыс болды.

Оқиға орын алған кезде олардың ата-анасы жұмыста, ал ересек жастағы тағы 2 бала мектепте болған көрінеді. Өрт үйдің сегіз шаршы метр аумағын шарпыған. Ал 2017 жылы дүниеге келген егіздер улы түтіннен көз жұмған көрінеді. Медициналық көмек көрсетілгенімен, аман алып қалу мүмкін болмапты. Қобда ауданына қарайтын ауылдағы үйден шыққан өрт жергілікті еріктілер күшімен сөндірілген. Себебі жақын маңдағы өрт-сөндіру бөлімі 80 шақырым қашықтықта орналасқан. Төтенше жағдай департаменті қызметкерлерінің пайымынша, от электр желілерінің қысқа тұйықталуынан пайда болды. Нақты себебі алдағы күндері белгілі болады.    

Асқар Төлешев, облыстық Төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары:

– Үйдің төбесінен өрт шыққан. Оның шоқтары еденге түсіп, линолеум жана бастаған. Сол линолеумнан шыққан улы иістен балалар уланған. Сол себептен осындай оқиға тіркеліп отыр. Нақты себебі әлі анықталады. Қазіргі кезде тергеу жүріп жатыр. Экспертиза тағайындалып жатыр.