БҚО-да шұңқырға түсіп кеткен бала құтқарылды

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында кәріз су шұңқырына түсіп кеткен бала құтқарылды.

Есік алдында ойнап жүрген 7 жасар бүлдіршін ашық қалған апанға құлап түскен. Құтқарушылар оны арнаулы альпинисттік құрал-саймандардың көмегімен алып шықты. Абырой болғанда, апан кәріз су жүйесіне әлі қосылмаған. Дегенмен, биіктен құлаған бала басы жарылып, миы шайқалған. Қазір ол облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімінде емделуде.

СҚО: бұлан атқан аңшылар ұсталды 

Ерекше қорғауға алынған аймақта бұлан атқан аңшылар ұсталды. Полицейлер мен «Көкшетау» ұлттық мемлекеттік табиғи саябағының инспекторы кезекті рейд кезінде жануар етін боршалап жатқан адамдардың үстінен түскен. Тәртіп сақшыларын байқаған күдіктілер жасырынбақ болып, қаша жөнеліпті. Алайда олардың бірі сол жерде ұсталды. Қасындағы екі серігі де көп ұзамай қолға түскен. Тәртіп сақшылары күдіктілерден үш қарда жүргіш техника мен екі ұңғылы «ИЖ» мылтығын және боршаланған бұлан етін тәркіледі. Күдіктілер қамауда.

Елордада көлік тонаған тұрғын ұсталды

Автомобиль аккумуляторын ұрлаған елорда тұрғыны ұсталды. Жәбірленуші кешкісін үйінің алдына көлігін қалдырып кеткен. Ұры түскенін тек таңертең ғана байқапты. Жедел іздеу жұмыстарына кіріскен тәртіп сақшылары 36 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Күдікті бұдан басқа «Газель» автокөлігінің де аккумулятор батареясын қолды қылған. Айыпталушы ұрлаған заттарды түрлі-түсті металл қабылдау орнына тапсырыпты. Бұл әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Сондықтан кінәсін толықтай мойындады.