Елордалық кәсіпкерден үш миллион теңге бопсалаған күдіктілер ұсталды

Елорда полицейлерІ кәсіпкерден ақша бопсалаған қылмыстық топты ұстады. Жәбірленуші өткен жылдың қыркүйек айынан бері зәбір көріп келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпкер бірнеше ай бойы белгісіз адамдардың қоқан-лоққы көрсетіп, қаржы талап етіп жүргендігін айтып арызданған. Күдіктілер арнайы операция кезінде қолға түсті. Қылмыстық топ мүшелері кездесуге келіп, 300 мың теңгені қолдарына ала бергенде ұсталды. Бұл іске қатысы бар үшінші күдікті Орал қаласынан табылды. Кәсіпкер былтырғы жылдың қыркүйек айынан бері жәбір көрген. Осы уақыт аралығында күдіктілер 3 миллион теңгені бопсалап үлгеріпті.

БАЛЫҚШЫ СУҒА БАТЫП КЕТТІ

Байқоңырда құтқарушылар Сырдария өзеніне батып кеткен балықшыны іздеп жатыр. Оқиға Маяк спорт кешені маңында болған. Мұз бетіне 4 адам қайықпен шығыпты. Алайда ауыр салмаққа шыдамаған мұз ойылып, су көлігі аударылып қалған. Үшеуі өз бетімен жүзіп шықса, бір балықшыны ағыс алып кеткен. Қазір 4 құтқарушы өзеннің табанын сүзіп, жоғалған балықшыны іздеуде.

ЕСІРТКІ САТҚАН ҚАРИЯ ҰСТАЛДЫ 

Алпыстан асқан қария есірткі сатқан. Семей қаласының полицейлері күдіктіні қылмыс үстінде ұстады. Салмағы 4 грамнан астам гашишті 36 жастағы тұрғынға 8 мың теңгеге өткізбек болған. Пәтерін тінту кезінде  бірнеше түйін есірткі табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысы айғақ заттардың салмағы 169 грамнан астам «гашиш» екендігін дәлелдеді. Бұрын сотты болған қария уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Кінәсі толықтай дәлелденсе, күдікті 12 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

ҚҰЖАТЫ ЖОҚ ҚАРУМЕН АҢҒА ШЫҚҚАН

Атырау облысында тіркелмеген қарумен аңға шыққандар ұсталды. «Құқықтық тәртіп» алдын алу шарасы кезінде Сағыз ауылының екі тұрғынының қаруды құжатсыз ұстап жүргені әшкере болды. Полицейлер «Урал» маркалы мотоциклінен ұңғылы аңшы мылтығын, тоғыз дана оқ-дәрі және бір дала қоянының ұшасын тәркіледі. Күдіктілер қарудың құжаты жоқ екендігін біле тұра, аң аулауға шыққан. 25 және 32 жастағы тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, тәркіленген қару сараптамаға жіберілді.