Қызылордада бір күнде 2 көлік ұрлаған адам ұсталды

Қызылордада бір күнде екі көлік ұрлаған күдікті ұсталды. Белгісіз біреу «Daewoo Nexia» көлігін айдап кеткен. Сәлден соң жекеменшік үйлердің бірінің алдында тұрған «Niva 2121» автомашинасының есігін кілт іріктеу арқылы ашып, белгісіз бағытқа қаша жөнелгені жөнінде «102» арнасына хабарлама келіп түскен.

Темір тұлпарды заңсыз тізгіндеген күдіктінің қозғалысы жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы бақыланып, полицейлер ізіне түсті. Кезекшілікте жүрген «Боран – 9» экипажы көп қабатты үйлердің ауласында ұрланған автокөліктердің ішіне жасырылған қашқын ұрыны қолға түсірді. Автомобильдер иелеріне қайтарылып, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Берікбол Ерімбетов, жедел басқару орталығының басшысы:

- Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын 2 млн теңгеге жуық. Аталған хабарлама бойынша ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті азаматқа қатысты ешқайда кетпеу және мінез-құлқына байланысты бұлтартпау шарасы таңдалды.

Ақтауда екі көлік соқтығысты

Ақтауда екі көлік соқтығысып ішіндегі адамдар өлім аузынан қалды. Оқиға қаладағы ықшам аудандардың бірінде болған. Жол апаты көшеге орнатылған бейнебақылау камераларына түсіп қалды. Видеода жүйткіп келе жатқан жеңіл көліктің кроссоверді соққаны анық көрініп тұр. Соққының қатты болғаны соншалық негізгі жолмен келе жатқан көлікті айналдырып түсірген. Абырой болғанда, адам аман.

Нұр-Сұлтанда есірткі таратқан қылмыстық топ ұсталды

Елордада героин сатып, оны таратумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Олар ұзақ уақыттан бері тұрақты түрде есірткімен айналысып келген.  Жедел шара кезінде бес адам қолға түсті. Олардың ең жасы 28-де болса, ең үлкені 57 жаста. Күдіктілерден 140 грамм героин тәркіленді. Қазір қамауға алынғандардың үстінен есірткі дайындау, сақтау, өңдеу, тасмалдау сияқты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Айта кету керек, героин есірткінің ең ауыр түріне жатады. Енді ұсталғандар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алматы облысында көлікпен адам қаққан өзбек азаматы ұсталды

Алматы облысында полицейлер көлікпен адам қаққан көрші елдің азаматын ұстады. Өзбекстандық жүргізуші бір апта бұрын үш бірдей жаяу жүргіншіні қағып оқиға орнынан қашып кеткен. Қатты соққының салдарынан жәбірленушілердің бірі ауруханада жатып мерт болды. Жедел іздестіру шаралары жүргізіліп күдікті қолға түсті. 34 жастағы өзбек елінің жігітінің жүргізуші куәлігі жоқ екендігі белгілі болды. Қазір ол қамауда отыр.

Ішімдік не істетпейді? 

Қостанайда ішімдік үшін кассирді пышақпен қорқытқан. Оқиға қаладағы дүкендердің бірінде болды. Сатушы беймезгіл уақытта ішімдік сатылмайтындығын және заңға қайшы екендігін ескерткен. Соған қарамастан ішімдік іздеген қос жігіт сөреден бір шөлмек бөтелкені әкеп сатуды талап еткен. Арақты сатудан үзілді-кесілді бас тартқан сатушыға пышақ көрсетіп күш көрсетпек болады. Олардың бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Абырой болғанда дүкеннің жұмысшыларының бірі байқап екеуін жерге атып ұрып полиция келгенше ұстап тұрған. Қазір бұзақыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.