Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде сауда орталығын тонаған адам ұсталды

Алматы облысында қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ірі сауда орындарының бірін тонаған адам ұсталды. Ал Батыс Қазақстан облысында заңсыз жұмыс істеген дәріхана анықталды. Толығырақ келесі топтамада.

Алматы облысында қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ірі сауда орындарының бірін тонауға қатысқан адам Қарасай ауданында ұсталды. 27 жастағы жігіт бұған дейін істі болған. Оның тұрғылықты мекен-жайын тексеру кезінде 12 құнды ұялы телефон, 4 планшет табылып тәркіленді. Жалпы келтірілген шығын 2 миллион теңгеге жуық. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

ЗАҢСЫЗ ДӘРІХАНА АШЫП АЛҒАН

Батыс Қазақстан облысында заңсыз жұмыс істеген дәріхана анықталды. Бұл жерде тек дәрігердің рұқсатымен ғана сатылуы тиіс дәрі-дәрмектер рецепсіз еркін саудаланып келген. Тіпті құрамында есірткісі бар анальгетиктер де сатылған. Дәріханадан 180-нен астам трамадол, 50 шақты мидакс құтысы сондай-ақ 30-ға жуық тропикамида тәркіленді. Олардың жалпы құны 700 мың теңгеге жуықтайды. Аталған дерекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

БОРАНДА АДАСҚАН БАҚТАШЫ ТАБЫЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысында малын іздеп шығып, ақпанның ақ түтек боранында адасып кеткен адам  бір тәуліктен кейін табылды. Ақжар ауданына қарасты Қарашілік ауылының 1981 жылғы тұрғыны ауа-райының қолайсыздығынан  кері қайта алмаған. Туған –туыстары тиісті органдарға бірден хабар беріп, іздестіру шаралары жүргізілді. Құтқарушылардың айтуынша ол түнде далада түнеп, ертесіне көрші ауылға жаяу жеткен. Қазіргі таңда азаматтың жағдайы жақсы. Жалпы боран кезінде өңірде қар құрсауынан 2 көлік босатып, 4 адам жылыту бекетіне жеткізілді.

Серік Наурызбаев, облыстық ТЖД бөлім басшысы:

– Жоғалған адам байланысқа өзі шықты. Айтуынша қатты боранда аты жүрмей қалған соң, қамыста түнеп шыққан. Ауа-райы тұрақталған соң, 15 шақырымдай жерде орналасқан көрші ауылға жеткен. Қазір енді оның жылқылары іздестірілуде.

ТҮРМЕГЕ ТЕЛЕФОН КІРГІЗБЕК БОЛҒАН

Семейде түрмеге сары май мен сүттің ыдысына ұялы телефон жасырып кіргізбек болған адам ұсталды. 32 жастағы жігіт осылайша қатаң режимді колонияда қамауда жатқан досына жақсылық жасамақ болған . Мобильді телефондар арнайы аппараттың көмегімен анықталған. Түрме қызметкерлерінен айласын асырмақ болған семейлік тұрғынның өзі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ЖОЛ АПАТЫНАН 4 АДАМ ЖАРАҚАТ АЛДЫ

Ақтауда үш бірдей автокөлік соқтығысып 4 адам жараланды. Оқиға түнгі уақытта шаһардағы ықшам аудандардың бірінде болған. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше Хюндай автокөлігі, негізгі көшемен жүйткіп келе жатқан джипке жол бермеген. Салдарынан қос көлік соқтығысып салдарынан жол талғамайтын көлік жүргізушісі жолдың жиегінде такси тоқтатып тұрған адамды қаққан. Ал жол ережесін бұзған жеңіл көлік шетте тұрған басқа бір көлікке барып соқтығысады. Абырой болғанда адамдар аман. Жарақат алған тұрғындар облыстық ауруханаға жеткізілген.