Ақтөбеде аккумулятор ұрлағандар ұсталды

Ақтөбеде аккумулятор ұрлауды әдетке айналдырған екі жігіт қолға түсті.

Олар бүгінге дейін 14 батареяны қолды қылғанын мойындады. Көліктерден шешіп алған заттарды қабылдау орындарына тапсырып отырған. Күдіктілердің айтуларынша, негізінен ресейлік темір тұлпарлардан аккумулятор ұрлап келген. Өйткені, аталған көліктерде дабыл қаққыш құрылғысы жоқ және оларды ашып кіру оңай. Қазір бұл дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі "Ұрлық" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Ал, ақпан айының басынан бері Ақтөбеде аккумуляторларды қолды қылу деректері жиілеп кеткен.