Елордада 5 жыл бұрын таксисті өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды

Көкшетау қаласында арнайы іс-шара жүргізу барысында адам өлтірді деген күдік бойынша 27 жастағы ер адам ұсталды.

Елорданың ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2017 жылдың тамызында күдіктінің базарлардың бірінің жанында Daewoo-Nexia жекеменшік таксиін жалдап, «Лесозавод» ауданына қарай шыққаны анықталды. Көрсетілген орынға келгеннен кейін жүргізуші мен жолаушының арасында жол ақысының құны үшін қақтығыс болып, таксист қызметінің құнын 1 мың теңгеге бағалаған. Сөзге келіспей қалған жолаушы пышақ алып шығып, жүргізушіге 17 пышақ жарақатын келтірген, соның салдарынан жүргізуші оқиға орнында қайтыс болған. Қылмыскер ізін жасыруға тырысып, машинада қалған саусақ іздерін мұқият сүрткен.

«Аса ауыр қылмыс жасап, күдікті қылмыс жасалған орыннан жасырынған және бірнеше күннен кейін көршілес республикаға шығып кеткен.

Бес жыл бойы елордалық жедел қызметкерлер адам өлтірді деп күдік келтірілген адамның жеке басын анықтау бойынша көптеген жұмыс жүргізген. Криминалистер қылмыс орнынан табылған барлық іздерді зерттеді», ­– делінген мәліметте.

Өткен жылдың соңында криминалистер саусақ ізі бойынша сәйкестікті анықтаған. Саусақ ізі иесінің 2014 жылы Беларусь Республикасында ұрлық жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Ол Ақмола облысының тұрғыны болып шыққан.

«Тексеріс жүргізу барысында жедел қызметкерлер оның адам өлтіруге қатысы бар екенін анықтаған. Ұсталғаннан кейін бұлтартпайтын айғақтардың нәтижесінде күдікті жасаған ісін мойындаған. Қазіргі уақытта ол Нұр-Сұлтан қ. ПД Уақытша ұстау изоляторына қамалды», ­– делінген мәліметте.

Қазақстан Республикасы ҚК-нің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.