Павлодарда 39 жастағы жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кетті

Жол-көлік оқиғасы Ак.Шөкин көшесіндегі 31-ші үйдің жанында орын алған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 ақпан күні сағат 18.50-де «Hyundai Accent» автокөлігінің 39 жастағы жүргізушісі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, 1960 жылы туған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

- Ол реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі бойынша жолдың жүру бөлігін кесіп өткен. Салдарынан жаяу жүргінші жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, -  деді департаментте.

Көлік арнайы айып тұрағына  қойылып, аталмыш фактіге қатысты тексеру жүргізілуде.

Айта кету керек, ағымдағы жылдың басынан бері Павлодар облысының аумағында 41 ЖКО тіркелген. Салдарынан екі адам қайтыс болды, 60 адам жарақат алды. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен 16 ЖКО тіркелді, 17 адам жарақат алды.